Әр елдің қашан да болса өзіңе жарасқан айыр тілді шешені, ел бастайтын көсемі, данасы, ақыны, күйшісі, батыры болары һақ. Оларды халық тудырып, заманы жүйрік аттай жаратып, жетілдіреді. Тұлғалы ұлдарының үлгісіне қарап, халық өзінің жаңа қаһармандарын жасайды. Сондай дараланған тұлғалардың жүріп өткен жолындағы күресін, арманына жетудегі мақсатымен ұштасқан төзімділік секілді қасиеттерің үлгі етіп біліп жүру, бізге ләзім болар.  Әңгіменің төркініне әріден жол тартсақ.

Бала кезімізде әжеміздің ертегілерінде айтатұғын ұртына бір көл сыйып кететін Көлтауысарды, аяғына тас байлап жүгіретін Желаяқты, тау мен таудың орнын алмастырып қоятын Таусоғардай кейіпкерлердің ерліктерің естігенімізде аузымыздың суы құрғап сол сәтте бізде қиялдың кемесінде солардың орнында жүзіп кетуші ек. Есейе келе Балуан Шолақ, әлемнің күштілерің жер жастандырған алып күш иесі Қажымұқан жайлы аңыз болып тараған таңғажайып  оқиғалардан, елес болған ертегінің кейіпкерлері тіріліп келген бе деген ойдың жетегінде қалатынбыз. Ал, бүгінгі күннің баһадүрі деп айтуға лайық, өзінің күшіне қоса өнерімен талайды тамсандырған ерекше дарын иесі  Жәмәли Диханұлы жайлы естуіңіз бар ма? Жақында елді елең  еткізген, ұлттық құндылықтарымыз, өнеріміздің арнасы тоғысқан «Қаражорға» ұжымының директоры ретінде ғана құлағдар болуыңыз мүмкін. Қазақтың жігіттің төресіне «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп баға беруі де тегін болмас. Бойындағы Алла берген өнеріне қарап таңдайыңызды қағасыз: Жалаңаш денесіне найза қадайды, өзі «шайтанарба» атайтын кәдімгі велосипедті тісімен тік көтере алады, көлік сүйрететін алып күштің иесі, аузынан от шашады, 18 пышақтан баспалдақ жасап, үстімен жүре алуымен қоса Шығыс жекпе-жегінің қара белдік иесі. Одан бөлек те бес жігітке татырлық қасиеті бар. Солай бола тұра, қарапайымдылықпен жан дүниесін көмкерген сырға толы кейіпкеріміздің осы жолдағы өмірінің бір парасын  сіздердің көңіл таразыларыңызға салайық.

Туған жері Тарбағатай өңірінде он екі жасынан бастап ептілігі, өзге қатарластарынан бөлек бойында байқалып келе жатқан қабілеттілігінің арқасында ел алдында жоғарыда аталған өнерлеріне жасаған алғашқы қадамдарымен танылып, көзайымына айнала бастайды. Қандай да болмасын жетістіктің артында еңбек пен төзімділік тұрғанымен, бұлақ көзің ашып, сол іске түрткі болар біреу болатынына дауыңыз болмас? Осы ойға орай қойған сұрағыма Жәмәли аға: «Менің ең алғашқы ұстазым деп, осы жолға қанатымды ұяда қаттап шыңдаған өз әкем Диханды айта аламын. Ол кісінің өзі де темірден түйін түйген қасиетімен қоса, керемет күштің иесі еді. Бала кезден қазір кеудеге найза қадап көрсетіп жүрген нөмірді үйрену үшін қамыспен жаттығатынбыз. Бұдан басқа осы саланың қыр-сырына қатысты  маңызды жайттарды әкемнің жанында жүріп үйренген едім» деп өз пікірің білдірді.

Қытайдың шекарасындағы Тарбағатай сілемінен туған елге оралғанына он жылдың жүзіне тақап қалыпты. Ал, осы уақыт аралығында көпшіліктің арасында кеңінен әлі күнге танылмай жүруінің себебін сұрағанамызда: «Өз ортаңда төре болсаң да, басқа ортаға тап болғанда бәрің де басынан бастауға тура келеді. Айтпағым, келе сала арғы жақта жинаған абыройың, алған атағыңды бас-көз жоқ, салық қылып салған жөн болмас.  Және біз сияқты келіп жатқан қандастарымыздың ең негізгі мақсаты, халық жарататын болса, барынша бойымыздағы бар өнерімізді көпшілікке сіңіру. Осы жолда жаңадан енді қарқын алып келе жатқан «Қаражорға» ұжымының, амандық болса бағындырар биік шыңдары әлі алда дегім келеді. «Қаражорға» көмескідегіні көрнеуге, тереңдегіні жағаға шығаруға барынша күшін салмақ. Ал, өз басыма келсем, үнемі тыянақты дайындық пен уақытты талап ететін күрделі өнердің бұл түрің әлі де жалғастырып келемін. Алдыңғы жылдары Орал, Атырау секілді облыстарда өнердегі әріптестеріммен осы салада гострольдік сапарларда да болып қайтқан едім» деп және бір ойдың күрмеуің шешті.

Жәмәли ағаның фотоальбомың парақтай отырып, көптеген қызықты да қайталанбас сәттерді  айғақтап тұрған суреттерге көзім түсті. Әсіресе, біз жайшылықта теледидарда көргенде ішкен асымызды жерге қойып тамашалайтын шетел реалити-шоуларындағы мүмкін емес болып көрінетін трюктарды осы бір жігіт ағасы жасына келіп қалған қазақтың ұлы орындай алатынын көргенде, белгісіз түйсікпен сол сәтте кеудемді мақтаныштың лебі есіп өтті. Шебер аспаздың ас даярлауға қатысты небір құпияларың ешкімге жайып салмайтын мысалың ескере отырып, «кез келген адамға бұйырмаған күрделі өнерде ең басты, сіздінше қандай қасиет керек?» деген сұрағыма былай деді: « Сапер тек бір-ақ рет қателесетініндей, бұл салада өте үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ең алдымен, және басты керегі адамның ішкі күші мен сыртқы күшінің қабысуы. Оған қоса, жылдамдық, ептілік, төзімділік секілді қасиеттердің бір саптан табыла алуы. Теория жүзінде осы сөзді бәрі де құптағанмен, көбісі орындай бермейді. Еңбектің жеміссіздігі кей жағдайда осыдан туындайды деп айтуға болады.»

Өткен күндердің көңіл күнделігінен есте ерекше қалған бір қызықты оқиғасын Жәмәли Диханұлы күлімдей отырып есіңе түсірді: «1995 жылы Шолпан қаласында кезекті өтетін аз ұлттар арасында «Спорт жарысының» бет-ашарында әр ұлт өзінің салт-дәстүрін, ерекшелігін аз сәтте таныстырып шығатын номер көрсету керек болды. Менің дайындаған жобам «Шашу» деп аталды. Жоспар бойынша, ең басында бірнеше тірі түйемен шығып, артынан қазақы киіммен билеп шыққан қыздар көрерменді бір сәтте селк еткізетіндей, біз де ғана бар шашу дәстүрің көрсетіп, ары қарай басқа номерлер жалғасын тауып кету керек-тін. Қызық болғанда, ұйымдастырушылар түйемен шығатынымызды естігенде, ат-тондарын ала қашып, бірден қарсы болды. Содан, ертең шығу керек. Не істеді дейсіз ғой? Кәдімгі бірнеше адамды тігілген түйенің  киімнің ішіне кіргізіп, мен үстеріне мініп шыққан осындай да күтпеген жайттар болып еді».

«Әке көрген оқ жонар» демекші, сегіз жастағы ұлы Абылай да осы бастан әкесінің көрсететін номерлерінің бір бөлшегіне айналды. Жәмәли ағамыз, ендігі кезекте тек қана «шайтанарбаны» тісімен көтеріп қоймай, соңғы кездері тісімен баласын, екі қолымен ауыр салмақтағы кір тастарын бір сәтте көтеріп өнерің ары қарай шыңдауда. «Арық сөйлеп, семіз шыққанын» қалайтын ағамыз алдағы жоспарларың әзірге жұмбақ күйінде қалдырды.

Байқасаңыз, әлі күнге біз білмейтін таңғажайып өнер, таланттың тұлпарында асыр салған дара тұлғалар арамызда жүргенмен, аңғара бермейміз. Аңғарсақта бағалай бермейміз-ау. Шет елден әртістерді киноға түсуге, одан қалды әншілерді тіпті тойға дейін шақырып өзімізді алдаусыратқанша, керісінше өзімізде бармен көзге ұрып, шетелге бүгінгі сіз танысқан кейіпкер Жәмәли Диханұлындай азаматтар арқылы қазақ халқының беделің әлемдік деңгейде көтеретін сәт келген жоқ па? Қалай ойлайсыз?