Қазақтың ән өнері – сонау көне заманнан бері қалыптасқан халқымыздың қазынасы, фольклордың  музыкалық саласының бір тармағын құрайды.  Ән сезімнің кейбір кезеңдерін сыртқа шығару да адамның табиғи құралының бірі болды. Халық әндерінің тартымды келетіні, жүрегіңе қона қалатыны, олардың баста өнер қуу мақсатында шықпай, табиғилық жағының басым болуында. Осы күнге дейін музыкалық тәжірибесі мол құлағымыздың өзі, жаңа шығарманы тыңдап отырғанда, бейтаныс әуен теңізі ішінен халық әнінің тақырыбы естіле қалса біраз уақыттан бері көрмеген, кездеспеген бір досыңның төбесі көрінгендей болады. Өйткені сол ән тақырыбы есіңе сан алуан оқиғаларды түсіреді. Өйткені ол ән көркемөнер жасаймын деген алдын ала сызылған жоспар бойынша шыққан емес, өмірдің, табиғаттың өз туындысы. Халық әндерінің үлкен қазына екендігі де сол қасиетінде.  Дәстүрлі әннің құдіреті, алатын орны, маңызы жайында  өз ойымен бөлісіп, пікірлесуге дәстүрлі халық әндерінің орындаушысы Жоламан Құжимановты өткен жұмада «Адырнаға » қонаққа шақырдық. Бұл жазбаны оқымас бұрын, алдымен суретке түсіп қалған столдың үстіндегі бауырсаққа көзіңіз түсуі мүмкін. Түсіндірейін. Осы аптаның алдында біздің талқылаған тақырып ұлттық тағамдар төңірегінде болатын. Теорияны практикамен ұштастыру мақсатында қыздар бауырсақ дайындап ала келген екен. Олай еткендері қандай жақсы болған. Жоламан аға келгенде, сәлеміміздің артынша қазақтың қашаннан бергі нан ауыз тидіру ырымың жасадық. Ауылың, әсіресе апасының тағамдарың сағынып жүрген студенттерге бұл таптырмас олжа болды. Бауырсақтың молдығынан, көңілдері де көтеріліп, әй, бір арқа-жарқа болды да қалды.

Жоламан Құжимановпен өткен кездесу барысында көңілді ерекше күйдің  арғымағы атойлатты. Ол кісі шырқаған Біржан, Ақан, Мәдилердің әндерінен жанынның табиғатын ашар қуат дарығандай.

P.S. «Әннің де естісі бар, есері бар» деген екен Абай атамыз. Атадан қалған асыл мұрамызды көздің қарашығындай қорғап, ертеңгі ұрпаққа жеткізу – бәріміздің парызымыз. Бабалардың сырлы жүрегінен туған дәстүрлі әндер жер бетінде қазақ деген ұлт барда мәңгі жасай бермек.