Қаражорға айналасындағы қақтығыс көпшілікке қай жағынан болмасын қозғау салуда. Бәріне аян, даудың басы  Берік Сұлтановтың «Шындық» порталына жариялаған мақаласынан басталды. Іле Өркеннің өрнегінде бұл мәселеге орай жауап қайырылды. «Ана тілі» газетінің 3-ші желтоқсандағы санынан да Қаражорғаға қатысты мақаланы көзіміз шалды. Осы тақырыптың көтерілуі мұң екен, жан жақтан «Қаражорға» бәйгесіне, дұрысы ой додасына қосылмақ сәйгүліктер көбейді. Әрқайсының өзіндік тұжырымы бар. Дұрыс-ақ делік. Бұл жағынан кей мемлекеттермен салыстырғанда біздің елде еркін ойлауға, пікірің жеткізуге құқық берілген. Бірақ, «Қаражорғаны» желеу етіп, дәлелденбеген күмәнді пікірін оқырманға танып жатқан кей журналистерге қалай қарауға болады? Мәселен, «Дат» газетінің 1 желтоқсан,  2010 жылғы №43(80) санында Мәди Керімсалдың «Қара жорға биіне кімдер көз алартуда» атты мақаласы жарық көрді. Тоқ етеріне тоқтайын. Тақырып төңірегіндегі көкпар айналып келіп «азаматтық журналистикаға», ақырында дін мәселесіне  тіреледі. Әртүрлі сайт, порталдарды атай өтіп мақала соңындағы мына бір абзацты қарамен ерекшелеп көрсетеді: «ҚазҰУ-дағы журналистика факультетінде Асхат Еркімбай есімді жат дінмен уланған журналист блогтық журналистика бойынша сабақ береді. Дәл қазір бір ғана Асхаттың өзі-ақ қаншама әрі діншіл, әрі блогшы шәкірттерді дайындап жатыр. Журфактағы қазақтілді ортаның теперіш көріп отырғанын, ондағы ұлттық идеологияның осал түсіп жатқанын айтсақ, бұл факультет мемлекетіміздің негізін құраушы ұлттың қамын жейтін емес, керісінше, қазақ ұлтына қарсы ұрпақты тәрбиелеп шығармасына кім кепіл?» дейді. Ескере кететіні, жоғарыда айтқан Асхат ағайдың шәкіртінің бірі мен. Мәди Керімсалдың сөзіне сенер болсақ әрі діншіл, әрі блогшы шәкірт екенбіз. Оқытушымыз жат дінмен уланған журналист.  Оқи отырып таң қалдым. Жасырмаймын, ашу қысты. Газетке жол тартқан фотоны да менің блогымнан рұқсатсыз көшіріп жариялап жіберіпті. Жалпақ жұртқа көзі жетіп көрмей, дауысы жетіп естімей жар салуға бола ма? Халықаралық заң шеңберінде бұл мәселені шешер болса жеке басқа моральдық қолайсыздық әкелгені үшін, жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапқа тартуға болады. Бастысы ол емес. Өкініштісі, осындай өсектің деңгейіне тең материалдардың мақаладан ойып тұрып орын алатыны. Бір қызығы осы мақала abai.kz, adyrna.kz порталдарында басылғанмен дәл қарамен ерекшеленген абзац алынып тасталыныпты.

   Ал, шын мәнінде  біздегі Блогтық журналистика пәнінің қалай, қандай жүйе, құрылыммен өтетінін декан да, студеттер де жақсы біледі. Ақталудан аулақпын. Сөз соңында айтарым, алысты көргің келсе биікке шық.