Бір жер бар Қазақстан даласында,

Құрбыжан, апарайын барасың ба?

Арқаға Алатаудан ақ иықтай,

Бір ұшсам, болат топшым, таласың ба?

(Қасым Аманжолов)

Сөз басы

Жырласа әнге, шерткенде күйге ұласқан Сарыарқаның сыры мен көркіңе бас имеген адамзат кемде-кем. Арқа дегенде алдымен көз алдымызға не келеді? Асанқайғы жерұйық деп тапқан, Абылайды ақ киізге көтеріп хан сайлаған, барлық үш жүздің басын қосқан көне тарихтың куәсі қарт Ұлытау ма? Аты аңызға айналған Алашахан, Жошыхан, Едіге батырдай алыптардың бүгінге жетіп сақталған мазарлары сол күндердің айғағындай. «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген аталы сөз де Ұлытаудың шоқтығын танытады. Әлде, «Атыңнан айналайын Қарқаралы» деп жалғыз Мәди емес, бар қазақ әнге қосқан жыр елі Қарқаралыны айтарсыз ба? Сарыарқаның саясындағы бұл өңір табиғатынын әсемдігі, ел ішіндегі алтын кенішінен бөлек, заманында Абайға Ділдәдай аруын ұзатып даңқы шыққан. Мүмкін, кезінде даласында қаптап жезкиік жосып жүретін, қойнауы әлемге таңдай қақтырған мысты байлыққа толы Жезқазғанды алдымен ауызыңызға аларсыз. Ал, тарихта өзіндік орны бар Балқаш Сталиндік солақай саясаттағы аштық жылдарында қалың бұқараны балығымен өлім аузынан алып қалып, көлінін етегіне паналатқан. Осы жерлердің торабы бір жерде тоғысатын көмірдің ордасы Қарағанды бүгінде Қазақстанның орталықтағы ұйытқысына айналып отыр.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қарашы Қарағанды күмбезіне

Бойлаған мұнарасы күн көзіне;

Құрбыжан, қасиетті ол бір қазына,

Қуантып, тартпас сірә кімді өзіне.

(Қасым Аманжолов)

Көмірлі алқап келбеті

Қарағаңдының тарихы жайлы сөз қозғай қалсақ, алдымен қазақ əдебиетінің дарабозы Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» романы еске түседі. Ромаңдағы «…Игіліктің қойын бағып жүріп, Байжанның баласы Апақ суыр інінен шыққан жылтыр қара тас көмірге кездесті. Салпақтатып суырын, қойнына толтырып тас көмірін əкесіне əкеліп берді. Байжекең суырдың інін тереңдетіп қазып көрсе, əр жағы сіресіп жатқан тас көмір екен» деген жолдар Қарағанды тас көмірінің алғаш қалай табылғанынан мағлұмат береді.

Барлық жолдың бағыты түйісетін орталық өңірдегі бүгінде алып шаһарға айналған қаланың бір адым артқа шегініс жасап, тарихына тоқтала өтейік.

Қарағанадының даму тарихына үңілер болсақ, қадау -қадау іргелі істердің куәсі боласын. Аймақтың шапшаң игерілуіне бірден-бір себепкер болған оның мол табиғи байлықтары еді. Сонау жиырмасыншы-отызыншы жылдарда Ә. Марғұлан, М.П.Русаков, Қ.И.Сәтбаев тәрізді есімдері бүгінде кеңінен танымал геологтар Орталық Қазақстан аймағының кен байлықтарын зерттеді. Деректер Қарағанды өңіріңің аз ғана уақыт ішінде адам нанғысыз қарқынмен дамығандығын көрсетеді. Айталық, 1931 жылдың басында Қарағанды кенішінде 5600 жұмысшы мен қызметші болса, 1935 жылдың қаңтарында олардың саны 22 мыңнан асқан. Шамалы уақыт ішінде жұмысшы поселкесінің орнына 70 мыңға жуық адамы бар қала орнады. Атап айтқанда, 1934 жылы ақпанда кеншілердің жұмысшы поселкесі Қарағанды қала дәрежесін алды. Қазіргі Қарағандының Жаңа қала деп аталып жүрген орталығын салу сол кезде қолға алынған. Ал, бүгін ше?

Бүгінде, Қарағанды күн санап қарыштап көркейіп, қарқынды дамып келе жатқан қалалардың санатында. Бір жағынан елордамыз Астанамен іргелес орналасуы, екі қаланың арасына жаңа Алматыдан кейінгі үлкен екінші мегополистің құрылуына жол ашқандай. Арнайы, болмаса кездейсоқ бұл қалаға оңтүстік астанамыздан қонақ болып бара қалсаңыз, алдымен қаланың үлкен болуына қарамастан көлік кептелісінің болмауы сізді таң қалдыруы да ғажап емес. Асықпаңыз, бұдан өзге де таңдай қақтырар қызықтарыңыз қаланы аралағанда шығады. Келген мейманға, мысалы орыс ұлты «караванын» ұсынатын болса, бұл жақта «Қарағанды» кондитерінен шығар, тек бізде емес, шекара асып талайларды тамсандырған тәттілерін алдыңызға тосар. Қазақстанның экономикасын төрт қабырғалы үйге теңер болсақ, соның бір қабырғасын Қарағанды ұстап отыр десек артық айтқандық болмас. Қаланың тізе берсе көрер, қыдырар жері көп, бірақ ең бастысы кешке жаңадан бой көтерген Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрына соғуды да ұмытпаңыз. Айта кетер бір қызық жайт, Қарағанды кеншілердің құрметтеріне қойылған ескерткіштің көптеп кездесуімен ерекшеленеді. Одан бөлек «Кеншілер», «Шахтерлер» атымен аталған сарайлар мәдени-қоғамдық іс-шаралардың негізгі ордасына айналып отыр.

Ол жердің тоңы алтын, түгі торқа,

Қанша алсаң қазынасы түспес орта;

Өшпейтін өміріңе от береді

Жігіті Қарағанды, салсаң қолқа.

(Қасым Аманжолов)

Қырандар қанат қаққан…

Жақында қалада осы облыстан шыққан атақты адамдардың суреттері қойылған “Виват Қарағанды” галереясы ашылды. Портреттерде қаланың барлық бетке ұстар тұрғындары бейнеленген. Мұнда ғарыш кеңістігін бағындырған ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, Кеңес одағының батыры Нұркен Әбдіров, Армия генералы Мұхтар Алтынбаев, дирижер Фуат Мансұров пен пианист Жәния Әубәкірова, бокстан екі дүркін Әлем чемпионы Серік Сәпиевтің және тағы да басқа елімізге белгілі тұлғалардың суреттері бар екен. «Жақсының жақсылығың айт, нұры тассың…» Иә, Қарағанды тек көмірді емес, елімізге елеулі азаматтарды да өндіріп шығаруда. Қазақ телевизиясының тірегі болған Камал Смайылов, «Тағамтану» ассоциациясның президенті Төрегелді Шарманов, жезтаңдай, күміс көмей әнші Қайрат Байбосынов, «Айтысты» өткен ғасырдың аяғында алғаш теледидарға әкелген Жүрсін Ерман, «Айгөлек» журналымен қазақ баласына ұлттық тәрбиемізді сіңіріп келе жатқан Қымбат Әбілдақызы, «Ұлытау» тобы арқылы қазақты бар әлемге паш еткен Қыдырәлі Болманов, арқалы азаматтар Серік Ақсұңқарұлы, Ақселеу Сейдімбекұлы секілді тағы да өзіндік орны бар дара тұлғаларымен бүгінде тек Қарағанды емес, барлық қазақ елі мақтанады.

Сөз соңы

«Шалқыған біздің жақтың көлдері бар,

Ағашты биік таулы жерлері бар.

Өзен, су, көлдер жайлап, тау қыстайтын

Меймандос, берекелі елдері бар» деп Сәкен Сейфуллин жырлағандай, Арқадағы талай ақынның жыры, сазгердің әніне арқау болған Қарағанды жайлы бір үзік сырдың шетін ағыттық. Бұл тек бір парасы ғана. Ал, сіз үшін беймәлім ашылмай қалған бұл қаланың басқа да қырына қанық болғыңыз келсе, көзіңізбен бір көріп кетіңіз. Себебі, тарих қатпарын тағы да жаңғыртар болсақ, өткен заманда бар қазақ, үш жүз орталық өңірде жиналып, келелі кеңес, той-думанды өткізуді де дәстүрге айналдырған екен. Кім біледі, бәлкім сіздің ең үлкен қуанышты сәтіңіздің жұлдызы қазынасымен қоса құпиясы толы Қарағандыда күтіп жатқан болар…