Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Ол жазылмаған заңдылық. Бабаларымыздың жүріп өткен жолдары, сол уақыттағы тынысын білу өзіңнің тамырыңды тану. Өткен күннен сыр шертетін тарих болса, оны көз алдына келтіретін  мұражайларда сақталған баға жетпес жәдігерлеріміз. Көптен бері ойда жүрген жоспардың сәті бүгін түсіп, Арман Әубәкірдің ұйымдастыруымен, «Адырналықтар» Қазақтың халық музыка аспаптары мұражайын көріп  қайттық. Ортамызға сонымен қатар басқа оқу орындарының өнерпаздары қосылды. Ал, сонымен экскурсиямызды бастайық. Бұл мұражайға келетін  адамдарды екіге бөліп қарауға болады .Арнайы  және кездейсоқ келіп қалғандар. Кездейсоқ болатыны, орналасқан жері дәл мәңгілік алаудың артында, шіркеудің жанына жақын жерден орын тепкен. Сондықтан қыдырып жүріп қызықтауға кіріп кететін қонақтарда баршылық.

Табалдырықтан аттай бере оң жақтағы картаны бірден көзіңіз шалады. Қазақстанның қай аймағында қандай, қанша аспаптардың шоғыры таралғанын қызықсаңыз асықпай тұрып қарауға болады.

Сонымен қатар мұражайда аспаптардан бөлек, асқан шеберлікпен орындалған қолөнер туындылары да көз тартады.

ӨТКЕН КҮННЕН СЫР ШЕРТЕДІ АСПАПТАР

Адырна – қазақ халқының өте ерте заманнан келе жатқан көп ішекті музыка аспабының бірі. Ежелгі заманда бұл аспапты аңшылар ұстаған. Садақ атып, жебе тартып, аң- құстарды аулаған. Әуелде адырна садақ пішінді болды. Кейін бұл аспапты бұғы, марал, арқар тұрпатты аңдардың тұлғасына ұқсастырып жасады. Әуелі ағаштан құрап шанақ, мүйіз жасалынып, шанақтың асты- үсті терімен қапталады.Мүйізге жағалай құлақтар бекітіліп, ішіктер байланады. Сөйтіп, аспапты екі тізенің үстіне қойып, оң қол, сол қол саусақтарымен іліп тартып ойнайды.

Басқа аспаптар жайында мағлұмат алғыңыз келсе мына сілтемені басыңыз- ұлттық аспаптар

Келген қонақтарға мұражайдың концерт залынан аспаптардың үнін ести алатын қайталанбас мүмкіндік бар.