Юля Кожоминамен таяуда ғана танысқан едік. Сүлеймен Демирел атындағы университетте өткен дебатты тамашалауға барғанда, кешті қазақша жүргізген орыс қызының талабына тәнті болдық. Ал қолына домбыра ұстап, күй шерткенде тіпті разы болғанбыз. Қазір ол осы университеттің журналистика факультетінің І курс студенті. Бір қызығы, мектепте ол орыс сыныбында оқыған, жоғары оқу орнына келгенде, қазақ тобын таңдапты. Осының сырын білмекке Юляны әңгімеге тартқан едік.


– Әңгімені ұшқан ұяң – мектебіңнен бастайық. Орыс сыныбында оқысаң да, қазақша сөз саптауың еркін екен. Мұның сыры неде?
– Жамбыл облысындағы Меркі ауданында орта мектепте орыс сыныбында оқыдым. Бастауыш сыныптардан сурет салуға, ән тыңдауға құмар болдым. Кейіннен ол әуестігім музыка мектебіне баруыма себеп болды. Қатты ерке болдым деп те айта алмаймын. Жалпы, мектепте мені үнемі көңілді жүретін қыз ретінде танитын. Ол мінезім көп жағдайда оң әсерін беріп жатады. Бастауыш сыныптарда қазақ тілі пәні болғанымен, бірден еркін сөйлеп кетпедім. Себебі қай тілді болсын жетік меңгеріп кету алдымен ынтаға, одан соң ортаға байланысты. Сол ынтамның пайдасы болар, бесінші сыныптан бастап ауызекі тілде еркін сөйлесетін дәрежеге жеттім. Осыны байқаған мұғалімдер мектепте өтетін түрлі іс-шараларда жүргізуші етіп тағайындай бастады. Бұл өз кезегінде мені әрқашан көпшіліктің алдында сынай түсуімен қатар, шыңдай да түсті.
– Домбыра тартуды кімнен, қалай үйрендің?
– Алғашында музыка мектебіне барғанда, ата-анам мені фортепианоға берді. Қателеспесем, бесінші сыныпта оқып жүргенде мектепте өткен бір мерекеде домбырадан төгілген күйді естіп, қатты қызықтым. Кешке үйге келгесін менің домбыра үйірмесіне барғым келетінімді айтқанда, алғаш таңғалса, кейіннен «екі кеменің басын ұстаған суға батадының» керімен, фортепианоны меңгеріп алмай, домбыраға баруыма қарсы болды. Көнбеске лаж жоқ. Осылайша арада бірнеше жыл өте шықты. Сенсеңіз, дәл үш жылдан кейін кезекті бір концертте «Көңіл толқыны» күйін естігенімде, менің сол уақыттағы арманым, домбыраға деген қызығушылығым есіме түсіп, қатты толқып кеттім. Ұмыт қалған арманымды қалайда жарыққа шығаруды мақсат етіп, тәуекелмен келесі күні домбыра сыныбына бардым. Бас кезінде сабақ беретін апайларым үйреніп кетеріме күмәнмен қарағанымен, көп өтпей ол ойларынан қайтты. Бірнеше жыл домбыра тартуға жаттығып, «Көңіл толқынын» өзім орындаған сәттегі күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Содан бері домбыра тарту менің ең сүйікті, заманауи тілмен айтқанда, хоббиіме айналып кетті. Әр күйді үйренген сайын, ол күйдің тарихымен танысамыз. Ал ол тарихтан қазақ ұлтының сол кездегі салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін білу маған өте қызық.
– Журналистика мамандығы оңай сала емес. Қалам мен қағазды серік етер бұл мамандыққа кездейсоқ келмеген боларсың?
– Әр адамның жаратылысынан қандайда болмасын бір салаға немесе жұмысқа икемі болады. Ђзінің ебіне қарай дер уақытында мамандыққа түспесе, кейін жұмыс істегенде де көңілі толмай, тек ақшаның қамымен жүреді. Ал таңертең құлшыныспен барып, кешке марқайып қайтатын өзіңнің сүйікті жұмысың болғанға не жетсін? Менің де сол арманым осы журналистикаға кездейсоқ әкелмеді деп айта аламын. Олай дейтінім, мектептен шығарма жазуға, талқылауларға қатысып ойымды дәлелдеуге жақын болдым. Төртінші билік аталған бұл салада келешекте өзімді жақсы журналист ретінде көремін. Азаматтық позицияны қандай жағдайда болмасын ұстау – басты қағидаларымның бірі.
– Оқудан тыс қандай жұмыстармен айналысасың?
– Университетіміздегі «Шапағат» қайырымдылық клубының мүшесімін. Жақында жетімдер үйінде болып қайттық. Шыны керек, олардың көзіндегі мұңды, сонымен қатар үміт ұшқындарын көргенде қатты толқып кетеді екенсің. Қандай адамның болмасын айналасындағыларға қолынан келгенше қол ұшын беріп, көмектесіп жүруі, меніңше, жазылмаған міндет. Бұл клубтың да мақсаты – қайырымдылықты насихаттау.
– Бүгінде қазақ жастары бір-бірімен орысша сөйлеседі. Оған көз де үйреніп кетті. Ал қазақша сөйлейтін саған барған орталарыңдағы әсері қалай?
– Бірде автобуста қызық болды. Жанымдағы құрбым екеумізге жол ақысын төлеу үшін кондукторға «Екі студенттік билет» деп қазақша айтқанымда, қарап тұрып «Сіз қазақсыз ба?» дейді. Мен де «Иә, қазақпын!» деп, артынан бәріміз де күліп жібердік. Осы секілді әртүрлі қызық жағдайлар болып жатады. Негізінен, қай ұлт болмасын, мен сол ұлттағы тіл тазалығын қолдаймын. Ђйткені ол ұлттың дамуы да, келешекте дұрыс қалыптасуы да тілінен басталады. Жалғыз мен емес, мен секілді қазақ тілін үйренген, үйреніп жүрген жастар көп.

Ұстаз пікірі

Мадияр САУДБАЕВ, жетекшісі:
– Бұған дейін балабақшаларда, мектептерде қазақша сөйлейтін басқа ұлт өкілдерін көріп жүргеніммен, біздің университетіміздің тарихында алғаш рет домбырамен күй тартқан тек – Юля. Топта он екі студент болса, он бірі қара көздер. Алғашында келгенде, Юля жаңа ортаға тап болғандықтан ба, мінезі тұйықтау болды. Бірақ бұл мінезі ұзаққа бармады. Қазір топтағы белсенді студенттердің бірегейі. Ђзінің өнерімен арамызда жүріп танылып, қазір университеттің мақтанышына айналып отыр.
Сөз соңы: Барлығымыздың көтерген жүгіміз бір. Ұлттың мерейін көтеру. Юля секілді ұлты басқа болғанмен, қаны қазақтың күйімен тулаған жастар көп болғай.

Асқарбек ҚАЗАНҒАП