1 курсқа енді келсе де, ойы ұшқыр, сөзі өткір студенттер, шүкір, баршылық екен. Алдынғы аптада берілген тақырыпқа әрқайсысы өз ойың жеткізіп мақала жазған. Сол мақалалардың бір үзігің сіздерге біршама қысқартып  ұсынамын. Айтқандай “үздік апта мақаласына ” тағайындалған жүлде Нұрлан Наурызалиевке бұйырды.

Нұрлан Наурызалиев:

Ер тәрбиесі еріді ме,

Ер ұстаздар кеміді ме…

Батыс жаққа еліктемей,

Ойға алып жүрсек етті

Ұлт тәрбиесін беруді де.

 

Бабам қазақ бала тәрбиесіне қашан да бей-жай қарамаған. Баланы ертеңгі ел қорғайтын ер, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кеңдікке тәрбиелейтін болған. Тәрбиеге тоқталсақ, бір ғана «баланы жастан» деген сөздің астарынан қазақтың бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлгенін аңғаруға болады. әл-Фараби бабамыз: «тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген салмақты сөз қалдырған. Қазақта тәрбиенің мынадай түрлері бар, олар: отбасы тәрбиесі, ұстаз тәрбиесі және ер адам тәрбиесі. Үйде әке-шеше тәрбие. Мектепте ұстаз тәрбиелейді. (ілгеріде медресседе молда тәрбиелеген). Баласы есейіп он төрт-он бес жасқа келгенде атқа мінгізіп алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел деп жіберетін болған, ондағы мақсат: көпті көрген көне көз қазыналы қарттардан тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін тыңдап, кең байтақ жерімізді батыр бабаларымыз ерлікпен қорғағанын, дарқан даламыздың бүгінгі және кейінгі ұрпаққа аманат екенін саналы түрде санасына сіңіріп отырған. Міне, бұл ер тәрбиесі.

Бүгінгі таңда білім беретін орындарда, яғни жоғары, арнаулы оқу орындар, орта мектептер және балабақшаларда әйел ұстаздар басым. Әрине, ана ұстаздарымыздың да ұлт тәрбиесінде, ару қыздарымыз бен ер жігіт тәрбиесінде өзіндік орны бар. Дегенмен, халық заңды орындамаушы ма еді. Ал, біздің биліктің өзі назарын батысқа салып отыр. Өзгеге еліктемей өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды сақтап, дәріптей білсек игі еді.

Сәния Орынбасар:

Әр отбасы-жеке мемлекет. Меніңше, бұл кішкентай мемлекеттің іргетасын қалаушы, оны басқарушы, отағасы-әке. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Ұлы күш пен сабырлықтың иесі болып табылатын әке демеу болса, ана-ерекше мейірімділік пен махаббаттың көзі. Әке алақаны мен ана жүрегінің жылуы бала үшін таптырмас байлық. Мұндай байлыққа, дүниенің еш кереметі жетпесі анық. Өкінішке орай бұл қарапайым ғана баққа бәрі бірдей ие емес. Сондықтан, мұның қадірін білген жөн.

Әке өсиеті мен тәлім-тәрбиесінің маңызы ерекше. Қанша дегенмен, жүрегі жұмақ аналарымыз кейде тым еркелетіп жібергенде, әкенің салмақты сөзі ауадай қажет болып жатады.

Қазір статистикаға сүйенсек, ағартушылықпен айналысатын азаматтарымыздың 80%-ы әйел азаматшалар. Бұл бүгінгі жалпы қарастырған бүлдіршіндеріміздің өмірге келгеннен бастап, мектеп бітіргенге дейінгі өмірінің кезеңдері. Балдырғандарымыздың «тұлға» болып қалыптасу процесі осы кезде басталып, осы кезде болашақ іргетасы қаланады. Ал, мықты, әрі берік іргетас-жарқын болашақ кепілі екенін бәріміз білеміз.

Ертеден сұлулығы мен даналығымен көпті тәнті еткен небір аруларымыз түбі ер адамның билігіне жүгінген. Сол дәстүр қазір қалып бара ма, қалай? Сонда біздің болашақ «оқ жонар» азаматтарымыз қандай болмақ? Әлде, бәрі бірдей «тон пішер» ме екен?..

Фариза Баянова:

Қазақ халқымыз бала тәрбиесіне бұрынғы қиын замандардан бері қатты көңіл бөлген. Бұрындары жас жеткіншек қыз тәрбиесіне көп көңіл бөліп, «қызға қырық үйден тыю», «қызға өзінен басқаның бәрі жау» деп айтып кеткен еді, қазіргі кезде ер бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген бек абзал. Қазіргі таңда бәрімізде туындайтын сұрақ, бұл сұрақ барлық жанның көкейінде жүр де білемін. «Балабақшаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында ер ұстаздар неге аз? Не себептен еліміздің білім беру орталықтарында әйел саны көп?  Ер балаларға дұрыс тәлім-тәрбие беретін, оқушылардың, студенттердің екінші әкелері болатын, білім беретін, ақыл айтатын ер ұстаздар қайда?

Иә, аналық тәрбие қажет, дегенмен ер баланың тәрбиесін де ұмытпаған жөн. Елімізді қорғайтын, халқын сүйетін, тілі, діні, ділі үшін қам жейтін ер азаматтар азайып барады. Қазір ер азаматтарымыз жалақысы көп, көп ойлануды қажет етпейтін қызметтер атқарып жүр. Ол да дұрыс шығар. Бірақ, адамның рухани азығы болады емес пе?

Жұлдыз Амангелидина:

Қазіргі таңда ер адамның бала тәрбиесіндегі орны өте саябырлап бара жатқан секілді. Бұл жағдайды біреу білсе, кейбіреулері біле бермейді. Себебі, менің ойымша көбінесе отбасындағы ер адамдар жұмыстарына байланысты сырт елдерге сапарға аттанып жатады. Сол кезде олар балаларына көп көңіл бөле алмайды. Екіншіден, балабақшаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында ер мұғалімдер жоқтың қасы. Өйткені, әйелдер саны көп болғандықтан, олар қазіргі заманда кез келген жұмысқа бейім келеді. Көбіне, бала тәрбиесіне де көңіл бөлетін әйел атаулылар. Мысалы, кейбір адамдардың ойынша, бала тәрбиесіне ер адамдар да, әйел адамдар да көп көңіл бөлу керек. Бұл жағдайда қыз тәрбиесіне де, ұл тәрбиесіне де әкенің рөлі ерекше . Себебі, ұл бала әкесіне жақын, ал қыз бала шешесіне жақын болғанымен, «қызды қырық үйден тыю» дегендей оған әрдайым әкенің тәрбиесі ерекше ықпал етсе, келешек ұрпақ тәрбиелі, намысшыл болып өседі.

Гүлжан Серік:

Ұрпақ қамын ойлау- бүкіл қауымға ортақ парыз. Сондықтан бала өсіру, оны өнер-білімге, адамгершілікке тәрбиелеу бүкіл халыққа ортақ. Қазақ халқы ерте кезден-ақ бала тәрбиесіне көңіл бөлген. «Тәрбие басы тал бесік» деген сөз тегін емес. Әсіресе, ер кісілердің берген тәрбиесі, білімі өте сапалы болатын. Өйткені, ер кісінің ойы әрқашанда нық, зейінді келеді.

Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлының өзі тәрбиеге баса көңіл бөлген. Тәртіпсіз ел- тұғырсыз адам сияқты. Шығыстың ұлы ғалымы әл-Фараби былай деген екен:  «Тәрбиесіз білім, білім емес». Яғни, ең әуелі тәрбиең дұрыс болса, білімің де дұрыс болады.

Аида Қожақова:

Сәби шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап-ақ алдымен анасын, содан соң әкесін тани бастайды. Нәрестенің тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес, береке-бірлік, сондай-ақ сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасыға айналары сөзсіз. Ата-ана-бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі.

«Ата-асқар тау,

Ана-бауырындағы бұлақ

Бала жағасындағы құрақ». Әке-әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқорщысы. Отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің орны ерекше. Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті.

Сайып келгенде, қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі-ерлі зайыптылар өздеріне қатысты әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ. Демек, ұрпақтарына құтты қоныс, жайлы болашақ қамтамасыз етілмек.

Айгерім Асқарбаева:

Үзіліссіз ұрпақ тәрбиесіндегі қос босаға-тәртіп пен мәдениет күллі адам атаулының күнделікті әдеттеріне айналған кезде, біздер мейірімі мол қайырымды қоғамды құрып қана қоймай, оның мазмұнын әрлендіріп, шаңырағын биіктете түскен болар едік. Өйткені, тіршіліктің қай саласында да, тәртіп пен мәдениет ауадай қажет-ақ. Ендеше күнделікті қоғамда тәртіптерді сақтай білген жан, ол өзін-өзі сыйлаумен бірге бүкіл айналасындағы адамдарды да, қадір қасиеттеріне терең құрметпен қарай алар еді. Бұл шындап келгенде табиғаттың заңы. Ал, ата-ананың балаға тәлім етер жеке бастарының үлгісі, олардың өзара сүйіспеншіліктері, айналасындағы жандармен сыйластықтары, тіпті олардың табиғатқа деген көзқарастары да әсерсіз қалмайды. Қоғамның дамуына қарай бүгінгі ер азаматтар бала тәрбиесінен ада болып келе жатыр ма деген күмәнді ой келеді. Бірақ, қазіргі таңда балабақшадан бастап, ұстаздарымыздың көпшілігі әйел адамдар. Сондықтан да ер азаматтарымыз бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөле түссе екен дейміз.

Әке тәрбиесі арқылы, ұл мен қыз балалардың өздеріне тән мінез-құлықтарын ерекше сергектікпен қалыптастыратындығы да анық. Әсіресе,  ұл бала үйдегі де, сырттағы да еркекке қажет тағылымдарды, көбінесе әкесінен үйренуге ұмтылады. Сондықтан да, әке тәрбиесі дұрыс та, мейірімді болу керек.

Әке көрген оқ жонар,

Шеше көрген тон пішер-деп бекер айтпаса керек.

Айдана Абділдаева:

Қазіргі таңда тәрбие ортасы болып табылатын мектеп, колледж, университетте неге сабақ беретін ер мұғалімдер аз? Бұған мұғалім жұмысының қиындығы, қағазбастылығы, жалақысының отбасын асырауға жетпей жататындығы. Бесіктен белі шықпаған кішкентай балалардан «өскенде кім боласың» деп сұрасаң бірен-сараны болмаса, басқасы ұстаз боламын деп айтпайды. Сол себепті де ұстаздық жолды көбіне ер адамдар таңдай бермейді. Тәрбие орталарының 80 пайызға жуығы әйел адам болатындығы да осыны дәлелдейді.. Ғұмыры тек 90 күнге созылған Шығыс Түркістан мемлекетінің іргесін қалаған қазақтың аяулы перзенті Мұстафа Шоқай бәріміз танимыз. Шығыстұркістандықтар Кеңес өкіметіне қарсы көтеріле берген соң, Сталин сол жақта сабақ беретін ер адамдардың орнына кілең әйел затын қойған екен. Содан кейін барып, сол жақтың елі Кеңес үкіметіне қарсы шығуын қойыпты. Әйел адамдар тыныштық қалайды ғой – осыны Сталин жақсы білген. Сол кездегі Сталиннің идеологиясының астарында не жатқаны және оның жүзеге асқаны белгілі.

Бүгінгі өмірде ер адамның тәрбие рөлінде алатын орны аз. Отбасын асырау мақсатымен балаларына тәрбие беруге уақыт тапшылығы қоғамның ащы шындығы. Балаға анасының жылы сөзімен қатар әке қолдауы да керек екені белгілі. Сондықтан тәрбиеде ана мейірімі мен әке қаталдығын тең ұстағанымыз жөн-ау.

Айжан Қали:

Қазіргі қоғамда, яғни дәлірек айтсақ, біздің қоғамдағы ер балалардың тәрбиесіне жете көңіл бөлініп жатқан жоқ. Бала тәрбие бастауын балабақшадан бастап үйренер болса, біздің балабақшамызда да, мектеп, колледж, университеттерімізде де тәлім беруші топтың 90%-ы әйел аналарымыз. Ер адамдар қатары сирек ұшырасып жатады. қазіргі кейбір жігіттеріміздің бойында Исатайдың өрлігімен, Махамбеттің ерлігінің ұшқынының да қылаң бермей жатуы қынжылтады.

«Алтын басты әйелден,

Бақыр басты еркек артық»-деп бекер айтылмаған. Хауанадан бір саты жоғары дәрежелі Адам ата болған соң, ер адамдарымыздың асқар таудай әкелік, ақылшы ағалық міндеттерін ұмытпағаны ләзім. Отбасының асқар тауына емес, жыраушысына айналған абзал әкелер қоғамда да, өмірде де сіздердің орындарыңыз ерекше. Ертеңгі мұрагер, елешек әке, еркелетіп отырған ұлдарыңыз сынай қараған от жанарларыңыздан мақсат-мүдделеріне әрдайым күш алып аттанып отырса екен. Ал бұл жайында сіз не ойлайсыз жас дос?!

Ақбота Ахметова:

  Бұл ойымды пайғамбарымыздың мына бір хадисімен бастамақпын. «Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы-оны жақсы тәрбиелеуі» дей отырып, бала тәрбиесінің маңызды екенін атап көрсеткен. Баласын оқытып, күнін көре алатындай мамандық иесі етіп қалдыру, балаларды жақсы көріп, оларға көңіл бөлу, үйленер жасқа келгенде баласын үйлендіру, баласына ат қою, баласын сау етіп өсіру бұлар әкенің басты міндеттерінің бірі. Кей уақытта баланың әкесіз өсіп, анасының тәрбиесінде болады. Алайда, баланың жігіт болып өсуі немесе қызға тән кейбір қасиеттерін бойына жинап өсіру әйел адамның күнәсі емес. Баланың өмірінде болып жатқан әртүрлі жағдайлардың бәрі баланың ақыл-ой, санасына байланысты. Бала тек өз санасына қарай тірішілік етеді, ер адам оны қанша өзінің отбасының тәрбиесіне сай етіп өсірем десе де, бала өз қалағаны, өз ойлағаны бойынша өсіп-жетіледі. Дегенмен, дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда әкеге байланысты. Ары қарай өмір теңізінде кез болар қиындыққа төтеп беру де, суға кету де осы бағыттың нәтижесін бермек.


 

About these ads